
Анкарада Түркі мәдениеті халықаралық ұйымында (ТҮРКСОЙ) түркі халықтарының рухани-мәдени мұрасындағы ана бейнесіне арналған «Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық дөңгелек үстел мен «Түркі әлемінің аналары» атты халықаралық көрме өтті.
Шараның мақсаты – түркі өркениетіне тән ана болмысын, мейірім мен даналықты, рухани қайсарлықты және ұрпақ сабақтастығын дәріптеу. Іс-шара халықаралық «Түркі әлемінің аналары» көрмесі аясында ұйымдастырылып, аналар тұлғасы арқылы түркі халықтарының ортақ мәдени кодын таныстыруға бағытталды.

«Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» атты дөңгелек үстел түркі халықтары арасындағы мәдени диалогты тереңдетіп, рухани сабақтастықты аналардың бейнесі арқылы дәріптеудің маңызды алаңына айналды. Шара барысында аналар кеңестерінің қоғамдық әлеуеті, гуманитарлық бастамаларды қолдаудың маңызы және отбасы құндылықтарын сақтау мәселелері ерекше атап өтілді.
Жиын соңында Түркі әлемінің әйелдер Одағын құру туралы бастамалық идеялар да ортаға салынды.

