https://kazgazeta.kz/news/132987
Тәуекел етіп, Елордамызға табан тіреген, Ұлттық Академиялық кітапхананың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан жылымыздың соңғы аптасын Анкара сапарымен қорытындыладық. Бұл жолғы мақсат – түркі халықтарының мәдени мұрасын жаңғырту жолындағы кітапхана ісінің ілгері қадамдарымен танысу, екі ел арасында мәдени-әдеби бағытта берік байланыс орнату.
2022 жылдың 11 қарашасында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекет басшыларының қатысуымен Самарқан қаласында өткен I саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттейтін «жол картасын» әзірлеп, келешекте Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құру жөнінде баяндамасында айтқан еді. Осы орайда Түркі тарихы мен мәдениеті қоры Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханасымен бірге екі ел кітапханалары арасында мәдени-әдеби байланыс пен кітапхана ісі саласы бойынша тәжірибені нығайту жұмыстарын бастап кетті.
Сапар барысында Түркияның Ұлттық кітапханасы және Президенттік кітапханасымен таныстық. Ұлттық кітапхананың тарихы сонау 1946 жылдан басталады. Түркі халқы үшін ол кітапхананың орны бір бөлек екенін айта кеткен жөн. Ал Президенттік кітапхана осыдан екі жыл бұрын бой көтеріпті. Бір мезетте 5000 мың оқырманды қабылдауға қауқарлы жаңа кітапхананың қоры өте бай. Заманауи кітап қорын айтпағанда баспа өнімдері мен сирек қолжазбалар, көне кітаптар мен электронды кітаптардың көптігіне куә болдық. «TÜRKTAV» қорының бастамасымен ұйымдастырылған «Отырар» Түркі әлемі электрондық кітапханасы жобаның мақсаты – осындай замануи, жан-жақты жетілген кітапхана алаңы арқылы түркі халықтарының мәдени жады мен тарихи мұра құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізу. Қор көптеген халықаралық ұйым және мекемелермен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойып, көптеген ғылыми конференция, симпозиум, көрме, семинарлар өткізеді. Түркі халықтарының тарихы, мәдениеті салаларында көрнекті ғалымдардың кітаптарын түрік тіліне аударып басып шығарады.
Қазіргі түрлі нано-технологиялар мен небір цифрланған сұлбалар дәуірінде түркінің мәдени жады деген дүние жанымыздан бөлініп қалмауы үшін ірі істер атқарылуы керек деп ойлаймын. Бұл жолғы сапар сол ойымыздың сәті түскен сипаты болды. Екі ел арасында тарих, мәдениет, әдебиет пен кітапхана ісін нығайту мақсатында ортақ жобаларға келіссөз жасап, елге оралдық.
Ғазиза Құдайберген,
Ұлттық Академиялық кітапхана директоры
Астана