https://aqzhelken.kazgazeta.kz/news/34323
Туыс жұрттан тарту
Жақында Алматы қаласындағы №20 кітапханада керемет шара өтті. Түркі тарихы және мәдениеті қоры (TURKTAV) Орталықтандырылған кітапхана жүйесі басшылығымен және Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулдығымен бірге Қазақстандағы Балалар жылына орай түрік мәдениет орталығын ашты. Қор аталған кітапханаға түрік жазушыларының балаларға арналған 500 кітабын сыйға тартты. Болашақта бұл кітаптар жүйелі толықтырылып отырмақ. Тұсаукесер шарасына Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Рузанна Бектұрсынова мен Түркиядағы Хаджеттепе университеті ақпарат және деректерді басқару бөлімінің оқытушысы Бүлент Йылмаз мырза қатысты. Түрік және қазақ өнерпаздары әннен, күйден шашу шашты.
Кітапхана жанынан түрік тілі орталығы да ашылды. Алдағы уақытта жас оқырмандар мұнда түрік тілін тегін үйреніп, білімін байыта алады. Тіл үйретуге консулдық мамандары қол ұшын береді. Түркі тарихы мен мәдениеті қоры оңтүстік астана кітапханаларымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Бұған дейін қор Бүлент Йылмаздың «Балалар кітапханасы қызметі нұсқаулығы» жинағын қазақ тіліне аударып, оның онлайн таныстырылымы көкек айында өткен еді. TURKTAV қорының жоба үйлестірушісі Әсел Лақаева бұл байланыстың бірнеше жыл бұрын жоспарланғанын, бірақ пандемия салдарынан кейінге қалдырылғанын атап өтті. Қазір шектеу алынған соң қор мен алматылық кітапханалар арасында қарым-қатынас күшейе түсті. Әсел ханым бұл жолы қазақ балаларына түркі жұртына ортақ тұлғалар – Алып Ер Тұңға, Қорқыт Ата, Қожанасыр, т.б. туралы балалар кітаптары әкелінгенін айтты. Алдағы уақытта Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Түркі тарихы және мәдениеті қорымен бірлесе отырып, Балалар жылы аясында қазақ тіліндегі 500 балалар кітабын Анкарадағы балалар кітапханасына тарту етпек. Яғни енді түрік балалары да қазақ ақынжазушыларының шығармаларымен таныса алады.
(Өз тілшімізден)
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022