https://almaty-akshamy.kz/balalar-kitapkhanasi-kizmeti-nyskauligi-zharik-kordi

«Балалар кітапханасы қызметі нұсқаулығы» жарық көрді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Түркия Республикасы «TÜRKTAV» Түркі мәдениеті және тарихы қоры Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесе отырып, «Балалар кітапханасы қызметі нұсқаулығы» атты кітаптың таныстырылымын ұйымдастырды.

Оқулық авторы Хаджеттепе университетінің ақпарат және деректерді басқару бөлімінің оқытушысы профессор Бүлент Йылмаз. Кітап халыққа ашық түрде қызмет көрсететін балалар кітапханасында еңбек ететін кітапханашыларға кітапхананың іс-әрекеті мен қызметтері жөнінде жол көрсету және жәрдем беру мақсатында дайындалған.

Бүлент Йылмаз – бірнеше ғылыми кітаптар мен мақалалардың авторы. Түрлі халықаралық және ұлттық ғылыми журналдардың сараптама алқасы мүшесі.

Түркия Республикасы «TURKTAV» Түркі тарихы және мәдениеті қоры көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, Ұлттық және халықаралық деңгейдегі жобалар арқылы түркі халықтарының мәдени жады мен тарихи мұрасының құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Қор көптеген халықаралық ұйым және мекемелермен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойып, Түркі халықтарының әдебиеті, тілі, тарихы, мәдениеті салаларында бірнеше кітаптарды түрік тілінде басып шығарып, көптеген ғылыми конференция, симпозиум, көрме, семинарлар өткізеді.

«Отырар» электрондық кітапханасы қордың маңызды жобасы болып табылады. Бүгінде кітапхана қорында 100.000-нан астам түркологияға байланысты кітаптар бар.

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі басқармасымен ортақ жобалар бар. Айта кетеліке үстіміздегі жылдың мамыр айында «TURKTAV» қоры 500-ге жуық түрік тілінде шыққан балалар әдебиетін Қазақстандағы балалар кітапханаларына тарту етпек, сондай-ақ, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас Консулдығының қолдауымен түрік тілін үйрететін тегін курстар ашпақ.