https://anatili.kazgazeta.kz/news/62082

Alatau Creative Hub орталығында Түркия Республикасы Алматы бас консулдығы, «TURKTAV» түркі тарихы және мәдениеті қоры және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесе отырып түрік әдебиетінің «Махмұд Қашқари кітапханасы» кітап бұрышын ашты. 

Іс-шараға Алматы қаласы Мә­дениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Мейрам Бектембаев,­­ сондай-ақ Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік мұрағаттар дирекциясының директоры Угур Унал, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Ақынжы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ма­тыжанов, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай қатысты.
«Жылына жүз мыңға жуық адам келетін орталықта кітап бұрышын ашу – бауырлас екі ел арасындағы достастық жібін бекіте түседі деп сенеміз. Әрбір ислам, түркі мәдениеті үшін Махмұд Қашқаридің рөлі үлкен. Осындай тұлға атында кітап бұрышын ашу – тұлғаға да, түркі әлеміне де құрмет деп білеміз», – деді Ғ.Майлыбаев.
Мемлекеттік мұрағаттар дирекция­сының директоры Угур Унал архив құжаттарын да арнайы алып келгенін, соның қатарында Алтын Орда заманында қос ел хандары жазған хаттардың көшірмелері де бар екенін, бұл қос ел арасындағы мыңжылдық байланыстың дәлелі екенін атап өтті.
Түркия Республикасының Алма­ты­дағы Бас консулы Али Рыза Ақынжы бұл кітап бұрышында алдағы уақытта кітап саны ұлғая беретінін айтты. Осман империясы мен Қазақ хандары арасындағы қарым-қатынасты көрсе­тетін құжаттарды да осы кітап бұры­шынан табуға болатынын айтты.
Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай кезінде түркі елдері бір-бірімен тілмашсыз-ақ тіл табысқанын мысал ете келіп, осындай кітап алмасу, тарихи, мәдени, әдеби тақырыптардағы қарым-қатынастардың тереңдеуі түркі елдерінің арасын жақындата түсеріне сенім білдірді. Бірінші дүниежүзілік соғыста Орта Азиядағы түркі мемлекеттері, қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, т.б. елдердің арнайы қаражат жинап, Түркияға тілеулес болғанын айтып өтті. Мұның барлығы бауырластық, туыстастық сезім бұрыннан бар екенін көрсететінін айтып, Қазақстан ғалымдары «Архив–2025» бағдарламасы аясында Түркияға барып, бірқатар құжаттар алып келгенін, ол құжаттар толық талданып, талқыланған соң оқырман назарына ұсынылатынын да жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы бауырлас түркі елдері арасындағы әдеби байланыс тереңдеуі керегіне тоқталды.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара мәдени байланысты тереңдете түсу. «Махмұд Қашқари кітапханасы» Қазақстандағы әдеби қоғамдастықты мәдени байытуға және дамытуға ынталандыру, сондай-ақ әдебиет пен мәдениеттің жанашырлары үшін шабыт пен білім көзіне айналатын болады.
Түрік әдебиетінің кітап бұрышы әдебиет, өнер, тарих, философия, ғылым және т.б. сияқты әртүрлі тақырыптарды қамтитын кітаптар жинағын ұсынады.