Анкарада Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған жәдігерлердің көрмесі ашылды
Бүгін Түркия астанасы Анкарада орналасқан Анадолы өркениеттер музейінде Қазақстанның Тәуелсіздігі күні мерекесіне және Түркия Республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды.
Оған қазақстандық археолог Зейнолла Самашевтің Шығыс Қазақстан аумағында жүргізген қазба жұмыстары кезінде Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған 25 мыңнан астам жәдігер қойылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Игі шара облыс әкімдігі, Түркиядағы Қазақстан елшілігі мен Түрік тарихы және мәдениеті қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Ежелгі өнер жауһарларының шынайы қазынасы болып табылатын және әлемдік өркениеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұлы мұраның бір бөлігі саналатын Шығыс Қазақстан жері туралы айтуға мүмкіндік беретін бұл көрме – еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға.
Көрмеге келушілер назарына Зейнолла Самашевтың Берел қорғанынан тапқан жәдігерлері ұсынылған. Олардың арасында қайта қалпына келтірілген Берел жылқысы (б.д.д. IV-III ғ.) мен былтыр Тарбағатайдың Елеке сазынан шыққан «Алтын адамға» тиесілі құнды дүниелер бар.
Анадолы өркениеттер мұражайы директоры осы көрме арқылы құнды жәдігерлерді Түркия ғана емес бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік мол екенін айтады.
Айтып өтейік, көрменің ашылуына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиев, археолог-ғалым Зайнолла Самашев, Түркі тарихы мен мәдениеті қоры басшысы Омер Низаметтин Айкурт, Анадолы өркениеттер музейі директоры Юсуф Кырач, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов, ШҚО өлкетану музейінің мамандары және басқа да екі елдің тарихшы ғалымдары қатысты.