2024 жылдың қараша айының 21-і Түркия Республикасы Анкара қаласында орналасқан Президенттік Ұлттық кітапханада «TURKTAV» Түркі тарихы және мәдениеті қоры, «KÖK TUĞ» қазақ мәдениеті қауымдастығының ұйымдастыруымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжановтың «ҚАЗАҚТЫҢ ОТБАСЫ ФОЛЬКЛОРЫ» атты еңбегі «KAZAK AİLE FOLKLORU» деген атпен түрік тілінде жарық көрді.
Тұсаукесер рәсімінде Түркия Республикасы Президенттік Ұлттық кітапханасының директоры Айхан Туглу, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің атташесі Дінмұхамед Өмірәлі, Түркология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, кітапты түрік тіліне аударған Халил Четин, «KOK TUĞ» қазақ мәдениеті қауымдастығының басшысы Қарагөз Ахметова арнайы сөз алып, Кенжехан Ісләмжанұлын құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Шараны «TURKTAV» Түркі тарихы және мәдениеті қорының вице-президенті Асель Лақаева жүргізді.
Сонымен қатар шараға Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Хаджеттепе университеті фольклортану бөлімінің профессоры Озгуль Чобаноглу, «TURKTAV» Түркі тарихы және мәдениеті қорының президенті Низаметтин Айкурт, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы Мағазбеков Нұр және Хаджеттепе, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушылары, әдебиеттанушылар, тарихшылар қатысты.
Кенжехан Ісләмжанұлы өз сөзінде барлық ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, түркі еліне Қазақ халқының ыстық сәлемін жолдады. Сондай-ақ аударылып отырған еңбектің қысқаша мазмұнымен таныстырды.
«Қазақтың отбасы фольклоры» атты кітап «Тақырыптың тарихнамасы», «Жанр табиғаты», «Әлпештеу фольклоры», «Үйлену фольклоры», «Азалау фольклоры», «Тарихи поэтика мәселелері» деп аталатын алты тараудан құралған.