Соловки лагерінен қашқан қазақтар
Бүгінде қазақ тарихына қатысты тың деректер көрші мемлекеттерден тыс алыс-жуық шетелдерден де жиі ұшырасып жатыр. Оның ішінде құнды фотосуреттер, карталар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар да бар. Сондай соны жаңалықтың бірі – өткен ғасырдың 30-жылдары Соловецкий лагерінен (ерекше мақсаттағы Соловецкий лагері, қысқаша СЛОН, Соловки деп те аталады) қашып, Финляндияға жеткен қазақтар жөнінде табылған дерек.
Бұл құнды мәліметті мұрағат зерттеуші Абай Мырзағали өзінің әлеуметтік парақшасында сүйіншілеп жазған еді. Оның айтуынша, бұл – тың дерек. «Түркияда білімін жетілдіріп жатқан Бекзат Бекболат бауырымыз хабарласып, Соловецкий лагерінен қашып шығып, Финляндияға жеткен үш қазақ туралы жаңа мәлімет тапқанын айтты. Ол мәліметті Өмір Низаметтин Айкурт есімді зерттеушінің фейсбук парақшасынан алғанын ескертті», дейді ол.
Деректер табылған «Yeni Turan» газетінің түпнұсқасын бауырлас Түркия еліндегі «Түркі тарихы мен мәдениеті» қорынан (TURKTAV) қолға түсірген едік. Қордың иесі – құнды жәдігер жинаушы Өмір Низаметтин мырза.
«Соловецкий лагерінен қашқан қазақтар жөнінде «Yeni Turan» газетінің 1932 жылғы 4-санының бірінші бетінде басылған. Бұл газет Финляндияның Хельсинки қаласында шыққан. Газетті шығарушы – әзербайжан азаматы Мехмет Садық Аран. Басылымның төртінші санында Есмырзаұлы мен Үмбетұлының суреті де басылған. Үшінші санында да олардың қалай қашқаны, босатылғаны туралы жазылып жарияланған. Одан бөлек басқа да лагерьден қашып шыққан адамдардың басынан кешкен қорлығы баяндалған», дейді коллекционер.
Газетте суреті көрсетілген екі адамның есімі сәл қате берілген тәрізді. Онда көріп отырғаныңыздай, бірі – «Үмбет ев», екіншісі «Ес Мырзаев» деп беріліпті, түрік грамматикасының заңдылығымен. Бұл – адамдардың есімі емес, тегі. Ал шын мәнінде, бұл кісілер – Үмбетқали мен Есмырза (Бұл сөзіміздің дәлелі төменде келтіріледі).
Ал газеттегі жазбада былай делінген: «Өткен сандарымызда айтып өткен қырғыз (қазақ) бауырларымызды ақырында Фин үкіметі кепілдіксіз босатты. Суреттерін осы нұсқада жариялап отырған қырғыздар жөнінде жазған жазбаларымыз себепті «Яңа Милли Юлдағы» жазылғандарға дереу жауап бере кетейік. Біздің барлық жазбаларымыз жақсы ниетте жазылған, ешқандай ұлттық ұйымды қаралау мақсаты болмаған. Әрі мәселе де өздігінен шешілгесін құр таластың қажеті жоқ. Құтқарылған бауырларымызға көмек көрсетіліп жатыр».
Мұнда айтылған жағдайға жорамал жасау қиын. Әзірше қосымша деректер қолға түспей отыр. Өйткені тасқа басылған шағын ақпараттың айтысына қарағанда, Соловецкий лагерінен қашып барған қазақтарға Фин үкіметі тарапынан да тергеу-тексеру болған сыңайлы. Алайда олардың кепілдіксіз босатылғаны мәселе өздігінен шешілгенін меңзесе керек. Әрине, бұл індете зерттеуді қажет етеді.
Мұрағат жинаушы Өмір Низаметтин мырза бұл кісілерге қатысты деректерді іздестіріп жатқанын айтып, қуантып қойды. Бәлкім, алдағы уақытта ол жақтан тағы да тың деректермен толығып қалуы ғажап емес.
Соловецкий лагерінен қашқан қазақтар жөнінде ел ішінде де деректер жоқ емес. Екі дерек кездеседі. Абай Мырзағалидың айтуынша, бірі – 1930 жылдың басында ақпан, наурыз айына арналып шыққан «Жас Түркістан» журналының 3-4 сандарында жарияланған «Соловецкийден Финляндияға қашып шыққан үш Түркістан (Орталық Азия – ред) азаматы хақында» деген жазба, екіншісі – 1932 жылы сәуірде «Жас Түркістан» журналында жарияланған журнал басқармасының көмегіне алғыс ретінде Хелсинкиден жазған екі қазақтың хаты.
Жалпы, Финляндияға кеткен қазақ үшеу деп айтылғанымен, әзірге тек Үмбетқали мен Есмырзаның ғана дерегі табылып отыр. Ал үшінші адам жөнінде мәлімет жоқ. Сонымен Финляндияға жеткен қазақтар туралы әңгімені осы жерден доғара тұрып: «лагерьден қашып шыққан адамдардың басынан кешкен қорлығы баяндалған» деген сөзге тоқталайық.
Соловецкий лагері – жер бетіндегі тірінің тозағына айналған орынның әйгілісі. Лагерь – 1919-1933 жылдардағы Соловки аралдары (Ресейдің Архангельск облысында) аумағында құрылған КСРО-дағы ең ірі ГУЛАГ. 1921 жылдан қысқаша СЛОН (Соловецкий лагерь особого назначения) деп аталды. Әу баста діндарлар қамалса, 1923 жылдан бастап саяси тұтқындарды қойша тоғытты. Журналист Серікбол Хасанның зерттеуінше, СЛОН-ға 1923 жылы – 2 557, 1924 жылы – 5 044, 1925 жылы – 7 725 адам қамалса, 1928 жылы – 21 900, 1929 жылы – 65 000, 1930 жылы 71 800 адам айдалыпты. Онда ұзын саны 7,5 мың адам жан қиғаны жазылады. Оның 3,5 мыңы 1933 жылғы ашаршылық кезінде қырылыпты.
Осылайша, миллиондаған адамның сорын сорпадай қайнатқан әйгілі Соловки лагерінің негізгі көздегені – халықтарды жадынан айырып, азаттық туралы ойды тұншықтыру еді. «Еңбекпен түзету» дегенді жалау еткен жазалаушы лагерьдің арам пиғылы байырғы халықтардан «хомосоветикус» жасап шығару үшін адамдарды эксперимент құралы ретінде қолданды. Оған бағынбаған, өзінің адами болмысынан айнымаған тұтқындар адам естіп білмеген азаптау көреді. Ауыр еңбекке жегіліп, біразы ауырып өледі.
«Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ сынды басқару жүйесінің үлгісін жасап берді. Соловки арал лагерінің айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, социалистік республикалар одағын құрмас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүргізілді… Қысқаша айтқанда, Соловки арал лагері КСРО-ны басқарудың лагерьлік жүйесінде «көрнекілік» рөл атқарды. Қолындағысын күштеп тартып алу, аштан өлтіру, тілді ұмыттыру, ассимиляцияландыру, дінсіздендіру, соғыс қаруларын сынау, интернационалдандыру секілді жеті түрлі мақсат Соловки аралында арнайы қолданылған болатын», деп жазады тарихшы ғалым Тілеу Көлбаев.
Дүниені тітіренткен тамұққа елуге жуық ұлт өкілі тоғытылды. Оның ішінде қазақтар да азапты күндерді бастан кешті. Әйткенмен қанша қазақ қамалғаны туралы нақты дерегі жоқ. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы т.б сонда болғаны белгілі. Алаштанушы Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының еңбегінде Алаш қайраткері білікті педагог, Петербордан шығатын «Мусульманская газетаға» мақала жазған Мырзағазы Есболұлының да Міржақыппен бірге СЛОН-да болғаны жазылады. Олардың бәрі де репрессия кезінде атылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл Соловки лагеріне түскен адамның тірі құтылғаны кемде-кем.
«Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сонда бұл қанды шеңгелден Үмбетқали мен Есмырза қалай құтылды деген сұрақ таңғалдырады…»
* * *
Арқада Мәди мен Иманжүсіп, Алтайда Сұлубай мен Бүркітбай батырлар «банды» атанып, қазақтың сайын сахарасынан сайғақ құрлы пана таппаған, кер заманның тар ноқтасы басына сыймаған, өктем империялардың отарлаушы саясатында тіс-тырнағына дейін қарсы тұрған тұлғалармен тағдырлас батыс өңірде Аманғали мен Құныскерей болды. Біз сөз етіп отырған екі азамат осы «банды» Аманғалидың бірі – інісі, екіншісі – туысы екені анықталып отыр.
Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында (Алматы: «Арыс» баспасы, 2002) «Аманғалидың зайыбы Мұхсина мен үш інісі жазықсыз сотталып, екі інісі (Мұқанғали, Әндірғали) атылған, бір інісі (Үмбетқали), туысы (Есмырза) Финляндияға өтіп кеткен. Олардан тараған ұрпақ – бес қыз Қазақстанды бір көруді аңсайды» деп жазылыпты. Жоғарыда бұл екі азаматтың есімі «Yeni Turan» газетінде қате жазылған деп, осы дерекке сүйенген едік. Бұған қоса бұл жөнінде Ләтифолла Қапашевтың «Банды» Аманғали ісі» деген деректі кітабында келтіріледі (кітап Алматыда «Арыс» баспасынан 2004 жылы шыққан). Бұған қоса деректерді Құныскерейдің тарихын жазған Атыраудағы белгілі қаламгер, тарихшы Өтепберген Әлімгереев ағамыздан да алдық.
«Бұл екі азамат «банды» атанған Аманғалидың ауылынан (әулеті). Олар он ағайынды. Тегі – Кенжеахметұлы. Одан алты ұл, төрт қыз тараған. Алты ұл – Аманғали, Мұқанғали, Әндірғали, Қадырғали, Сүндетқали, Үмбетқали. Қадырғали жастай қайтыс болыпты. Қалғаны Аманғалимен бірге болған. Соның ішінде Сүндетқали 1987 жылға дейін Махамбет ауданы, Сарытоғай деген жерде тұрыпты. Үш қыз, үш ұлы бар. Қазір соның бір ұлы ғана қалған көрінеді. Ал Үмбетқали 1929 жылдары Астраханға кетіп қалыпты. Содан кейінгі оқиғасы белгісіз. Бірақ Финляндияға кеткенін туыстары жақсы білген. Ол фин елінде жеке кәсіпкер болыпты. Ер адамдардың костюмін тігіп, соны кәсіп қылған көрінеді. Сонда еуропалық әйелге үйленіп, одан төрт қызы бар деседі. Оның үлкені ертеректе қайтыс болыпты. Үмбетқалиға кезінде осындағы ағайындары барыпты, бірақ өзі елге келе алмаған».
Өтепберген Әлімгереев ағамыздың айтысына қарағанда, Үмбетқали білімді, мәдениетті адам болған көрінеді.
«Үмбетқали кейін 70-жылдары сауда-саттықпен Мәскеуге келіпті. Бірақ елге келе алмаған. Ал мындағы ағайындары олардың адресін тауып, фин жеріне барыпты. Сүндетқали да барған-ау деймін. Бұлар «біз Үмбетқалидың туыстарымыз» десе, бір қызы «папам үйде жоқ еді, қазір хабар берейін» депті. Сөйтсе ол Еуропаның бір елінде жүріпті. Үмбетқали тез жетіпті. Өйткені өзінің жеке ұшағы бар көрінеді. 5-10 күн үйінде қонақ болған туыстарына Үмбетқали: «Мен елге енді бара алмаймын. Олар мені кіргізбейді» депті. Бір шифонерді ашса, ішінде 16 түрлі костюм бар екен: «осыны түгел алып кетіңдер» депті. Туыстары бір-екеуін ғана алған сияқты. Ол осы Атыраудағы туыстарының бірінде сақталған болуы мүмкін», дейді Ө.Әлімгереев.
Ол кісі бұл деректі қазір Атырауда тұратын Сүндетқалидың қызы Нәбирадан естігенін айтады. Ол кісінің мәліметінше, Үмбетқали 1905 жылы туыпты. Ал Есмырза бұлардың туысы екен.
Осы жерде Аманғали Кенжеахметұлына (1888-1928) аз-кем тоқтала кеткен жөн шығар. Аманғали қазіргі Атырау облысы Исатай ауданында туыпты. Өзі әнші, ақын, балуан болған адам. Аманғалидың соңында асқақ рухты әндері, өлеңдері қалды. А.В.Затаевичтің «Қазақтың 1 000 әні» кітабына 2 әні нотасымен енген. Аманғали туралы белгілі композитор әрі жазушы І.Жақанов, атыраулық қаламгер Т.Тінәлиев, ақын Т.Досымов, сондай-ақ Л.Қапашев әдеби-көркем шығармалар және зерттеу мақалалар жазып, деректі кинофильм түсірген.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ол қуғынға ұшырап, «банды Аманғали» атанды. Ескіше сауат ашқан. 1916 жылғы маусым жарлығымен қара жұмысқа алынып, елге 1917 жылдың ақпан төңкерісінен кейін оралады. 1918-1919 жылдары милиция қызметкері ретінде Нарын өңірінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. 1921-1922 жылдары Шолантау маңында (Нарын құмы) Серов, Киселевтің ақ гвардияшыларына қарсы соғысады.
Аманғалидың «банды» атанып, қуғындалуы болмашы оқиғадан – ағайын, екі құда арасындағы реніштен басталған.
«Мен Оралдың архивінде екі апта отырып, Аманғалидың қылмыстық ісімен таныстым. Ол кезде көшірме жасау, фотоға түсіру жоқ. Қолмен жазып көшірдім. Солардың бәрін бір папка қылып Ләтифолла Қапашев ағамызға бердім. «Соңғы саңлақ» деген тақырыппен өзім жазсам деп жүргем. Бірақ сол кісі жазып жатыр дегенді естіп, үлкеннің алдын кесіп өтпейін, «тақырыпты менен бұрын бастаған екенсіз» деп Ләтифолла ағамыздың өзіне бердім. Аманғали елдегі тентек адам болған. Кикілжің уақ-түйек нәрседен шығыпты. Бұлар жиналып, карта ойнайтын көрінеді. Бір НКВД-да істейтін Жұмағали деген кісі қарақулық жасапты. Содан басталған, қысқасы. Соңы саяси сипат алып кеткен. Анау кеңес адамы, өзі органда істейді. «Банды» деген атты жақсылап жапсырған. Кеңес өкіметіне қаралап көрсеткен. Шетелге қашып кетпекші болғанын біліп, ақыры атып өлтірген», дейді белгілі қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат.
Аманғали 1925 жылы Жайықтың Бұхара бетіне өтіп, Адай правителі (ревкомы) Тобанияз Әлниязовты сағалайды. Алайда ол шарасыздан куғыншылардың қолына Аманғалиды ұстап береді. Аманғали Орал түрмесіне жөнелтіледі. 1926 жылы мамырда Аманғали үш адам болып түрмеден қашады. Бостандыққа шығысымен кек алуға аттанады. Атыс-шабыс кезінде Аманғалидың қасындағылар Жұмағалидың немересін, кейін баласын өлтіреді. Осылайша, «банды» аталып, жала жабылған Аманғалидың соңынан жазалаушы отряд шығады. Қашып-пысып, тынымсыз жортуылда жүргенде ұлы Нағымжан, зайыбы Мұхсина, т.б. серіктері ұсталып, кейбір туған-туыстары оққа ұшып, Аманғали жалғыз қалады. Ақырында, 1928 жылы 11 қаңтарда немере інісі Тайыр екеуі қуғыншылар қолынан қаза табады. Олардың сүйегі қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қарағайлы деген жерінде жатыр. Ал інісі Үмбетқали 1988 жылы фин жерінде қайтыс болып, жат жерден топырақ бұйырды.